Павлодарда «Ертіс орманы» резерватына қатысты даулы істің нүктесі қойылды

Бес адам сотталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шарбақты ауданында қылмыстық топ кәсіпкерлерден ағаш кескені үшін екі жылға жуық пара алып жүрген. Бес адам отын түріндегі қымбат ағашты сатқаны үшін 150 миллион теңгеден астам қаражат алған. Өткен жылы төрт күдікті қамауға алынды, тағы біреуіне ешқайда кетпеу туралы қолхат берілді.
Қылмыстық істі облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Нұрлан Айтбаев жүргізді. «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының 44 жастағы бұрынғы бас директоры 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оның Chevrolet Cobalt және Toyota Land Cruiser 200 маркалы көліктері тәркіленеді.
Шалдай филиалының үш қызметкеріне сот 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді – 42 жастағы өндірістік учаскенің жұмысшысы, 34 жастағы Садықащы орман шаруашылығының мемлекеттік инспекторы және 46 жастағы аңшы. Олардан Toyota Hilux, КамАЗ және LADA көліктері тәркіленеді. Тергеумен ынтымақтастықта болған бесінші сотталушы үш жыл қамауда отыруы керек.
Қылмыстық топтың барлық қатысушылары мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.
Сот мемлекет кірісіне үлестік тәртіппен 120 миллион теңге өндіріп алып, материалдық залал туралы «Ертіс орманы» талап арызын ішінара қанағаттандырды. Бас директордың талабы 68 миллион 921 мың теңгені құрайды. Сот талаптың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.