Павлодарда «Ертіс» әйелдер футбол командасы құрылды
Облыста 13 жылдан кейін аяқдопшы қыздар алаңға шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Команданың бас бапкері Ксения Постоваяның айтуынша, бұл шешім Қазақстан футбол федерациясы деңгейінде қабылданған.
– Кәсіби команданы құру айтарлықтай қиындықтар туғызды деуге болады. Ең алдымен біз құрамды жасақтауда қиналдық. Десе де, елімізде әйелдер командаларының саны артып келеді, ал футболмен айналысатын қыздардың қатары әлі де шектеулі. Жергілікті футболшыларды басқа клубтар да өздеріне тартып жатыр, – дейді бас бапкер. – Сондықтан біз өз тәрбиеленушілерімізге басымдық бердік. Команданың негізін 2008–2009 жылы туған футболшы қыздар және Павлодарға қайта оралған бірнеше тәжірибелі ойыншылар құрайды. Сонымен қатар, Қазақстанның өзге өңірлерінен де спортшыларды тарту көзделуде.
Команда жаңа маусымға нақты турнирлік мақсатсыз кіріп отыр. Негізгі міндет – қалыптасу, бір-бірімен үйлесімді ойнау және тәжірибе жинақтау. Қарсыластар қатарында ел чемпионатында ұзақ жылдар бойы өнер көрсетіп жүрген, соның ішінде халықаралық аренада ойнайтын Ақтөбедегі ең мықты клуб та бар.

– Биыл Қазақстанның әйелдер футболы чемпионатына 19 команда қатысады. Олар аймақтар бойынша бөлініп, кейін өтпелі матчтар өткізіледі. Нәтижесінде әр команда шамамен 18 ойын өткізеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, – деп атап өтті Ксения Постовая.
Чемпионаттың басталуы сәуір айының соңына жоспарланған. Ал команданың дайындық жұмыстары наурыз айында басталады. Оқу-жаттығу жиындары мен бақылау матчтары өтеді. Жиындардың форматы бюджетке байланысты болады. Егер мүмкіндік шектеулі болса, дайындық Павлодарда өтіп, көршілес қалалардан қарсыластар іздеу жоспарлануда.
Ксения Постовая әйелдер футболына жеке арманымен келгенін айтады. Балалық шағында өзі футбол ойнауға мүмкіндік алмаған, алайда кейін білім алып, осы саланы дамытуға бар күшін салуда. Көп жылғы еңбектің нәтижесінде ол жоғары бапкерлік лицензияға ие болып, Қазақстан футбол федерациясы мен УЕФА тарапынан үлкен қолдау бар екенін атап өтті. Бас бапкердің сөзінше, әйелдер футболы –болашағы зор бағыт, мұнда даму мен өсуге мүмкіндік мол.
– Қыздар үшін футбол – бұл тек спорт емес, сонымен қатар команда, достық, қарым-қатынас, тәртіп және бірге жұмыс істей білу. Ата-аналар да бұл таңдауды жиі қолдай бастады, себебі мұндай спорт мінез қалыптастырып, тіпті футболдан тыс өмірде де жетістікке жетуге көмектеседі, – дейді ол.
Павлодардың әйелдер футбол командасының жартылай қорғаушысы Елизавета Медведева да футболда жақындардың қолдауы маңызды рөл атқаратынын растайды.

– Алғашында мен шабуылшы ретінде ойнап көрдім, бірақ уақыт өте алаңның ортасында өзімді жақсырақ көрсете бастадым. Бапкердің шешімімен жартылай қорғаушы позициясына ауыстым, – дейді Елизавета. – Көпшілік бастапқыда қыздардың осындай қатаң әрі динамикалық спорт түрін таңдағанына таңғалады. Алайда футбол – өте әдемі командалық ойын, мұнда бәрі бір ойыншыға емес, ұжымға, көңіл күйге және команда ішіндегі атмосфераға байланысты.
Елизавета Медведева көптеген павлодарлық футболшы қыздардың бүгінде өзге клубтарда ойнап жүргенін атап өтті. Сондықтан алаңда жақсы таныс қарсыластармен бақ таластыруға тура келеді. Ал алаң сыртында олар дос болып қала бермек.
