Павлодарда есірткілік масаң күйде көлік тізгіндейтіндер азаймай тұр
Есірткіге есі кеткендерге берілетін жаза да жеңіл емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау ғана емес, сонымен қатар көлікті масаң күйде басқару. Көп жағдайда жолдағы ауыр апаттар кездейсоқтық емес, саналы түрде жасалған қауіпті әрекеттің салдарынан болады. Бұл жолы Павлодарда патрульдік полиция қызметкерлері есірткі әсерімен көлік басқарған екі жүргізушіні анықтады.
– Тәртіп сақшыларының назарын Павлов көшесімен келе жатқан Suzuki SX4 және Әуежай көпірі маңындағы Audi-80 автокөліктері аударды. Жүргізушілердің әрекеті күдік тудырған. Сараптама нәтижесі бойынша, екі азаматтың да каннабиноид қолдану салдарынан есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Екі жүргізуші де масаң күйде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс сотқа жолданды. Ал көліктер арнайы айып тұрағына қойылды, – деді Павлодар қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Тәртіп сақшылары жол ережесін бұзудың құны тек ірі айыппұл өтеумен ғана шектелмейтінін ескертеді. Мұндай жағдайда ең ауыр жаза 7 жылға дейін көлік құралын жүргізу құқығынан айырылу немесе әкімшілік қамауға алу көзделген.