Павлодарда есірткімен заңсыз айналысқан студент сотталды
Сотта ол өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1,3,5-тармақшасы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша 16 жастағы колледж студентіне қатысты қылмыстық іс қаралды.
Былтырғы жылдың шілде айында студент ақша табу мақсатында мессенджер арқылы есірткі делдадымен танысқан. Ер жігіт келісім бойынша есірткіні заңсыз сақтап, тарату керек болған. Айыпталушы істеген әректеттеріне өкінді. Сондай-ақ, оның кінәсі куәгерлер мен түрлі сараптаманың қорытындысымен дәлелденді.
– Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, ер жігіт кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, – деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.