Павлодарда этностар достығы фестивальде көрініс тапты
Павлодарда Қазақстан халқы Ассамблеясының жазғы фестивалі басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл сайын өткізіліп келе жатқан облыстық жазғы фестиваль «Бір шаңырақ астында – Живём в семье единой» атты атаумен қалалық мәдениет және демалыс саябағында, сондай-ақ «Ertis Promenade» алаңында ұйымдастырылуда.

Фестиваль барысында Павлодар Ертіс өңіріндегі этномәдени бірлестіктер өздерінің салт-дәстүрін, ұлттық ерекшелігін ән мен би, ұлттық киім, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, ұлттық ойындар және тағамдар арқылы таныстырады.
Фестивальдің ашылуында қатысушыларды ҚХА Аналар кеңесінің және «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова, «Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары, Беларусь этномәдени бірлестігінің «Беларусь мәдени орталығы» төраға орынбасары Василий Рак, сондай-ақ Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық өкілдігінің жетекшісі Рамиль Смайылов құттықтады.

– Біз көпұлтты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз, – деді Василий Рак. – Біздің басты мақсатымыз – жас ұрпақты тәрбиелеу, бейбітшілік пен келісімді сақтау. Мұндай фестиваль жыл сайын өткізіліп, Павлодар Ертіс өңірінде тұратын этностар туралы кеңінен ақпарат береді.
Дәстүр бойынша фестиваль «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің өнер көрсетуімен басталады. Биыл ұйым өзінің 35 жылдық мерейтойын атап өтуде. Аналар кеңесінің мүшелері қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысып келеді. Олар қазақтың ұлттық дәстүрлерін жаңғыртуға және насихаттауға, тарих пен мәдениетті зерттеуге, отбасы институтын нығайтуға және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне үлес қосып жүр.

«Нұр-Ана әлемі» – қала, облыс және республикалық деңгейдегі іс-шаралардың тұрақты қатысушысы.
Айта кетейік, биыл Құрбан айт күндері 25 әже Түркістанға барып келді. Сондай-ақ 35 жылдық мерейтой аясында «Әже мен немере» байқауын ұйымдастырды.
