Павлодарда отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған онлайн-акция өтуде
Акция «Threads» платформасында жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталмыш акция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халықтың ақпараттандырылуын арттыруға бағытталған.
Акция аясында кез келген азамат отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты өзін толғандырған сұрақтарын қойып, қажетті ақпарат ала алады, сондай-ақ өз ұсыныстары мен пікірлерін жолдай алады. Акцияға қатысу үшін QR-кодты сканерлеп, онлайн-платформаға өтіп, өз сұрағыңызды немесе өтінішіңізді қалдыру жеткілікті.
— Қауіпсіздік мәселелеріне және дер кезінде көмекке жүгінуге ерекше көңіл бөлінеді. Егер сіз отбасында зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз, оның куәсі болсаңыз немесе көмекке мұқтаж отбасы туралы білсеңіз, бейжай қалмаңыз. Үндемей қалмаңыз! Көмек сұраудан қорықпаңыз, - делінген хабарламада.
Көмек қажет болған тұрғындар QR-кодты сканерлеп, сұрақтарын қоя алады. Әрі аталмыш тақырып аясында өз ойымен бөлісіп, қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады.
«Threads» платформасында жүргізіліп жатқан акция бүгін яғни 13 тамыз күні аяқталады.