Павлодарда гүлзардағы гүлді жұлған ер адам жауапқа тартылды

Павлодарда гүлзардағы гүлді жұлған ер адам жауапқа тартылды
ЖИ иллюстрациясы

Азамат аумақты күтіп-ұстауға жауапты қызметкердің ескертуіне дөрекі жауап берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында полицейлер қалалық саябақтардың біріндегі гүлзарға зиян келтірген ер адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Ер адам саябақ аумағында гүлзардан гүлді жұлып алған. Аумақты күтіп-ұстауға жауапты қызметкердің ескертуіне ол дөрекі жауап беріп, былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Аталған факті бойынша тәртіп сақшылары тексеру жүргізді. Құқық бұзушыға бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру, сондай-ақ ұсақ бұзақылық фактілері бойынша әкімшілік материалдар рәсімделіп, сотқа жолданды.

- Қаланы абаттандыру – көптеген адамдардың күнделікті еңбегі мен қомақты материалдық шығынның нәтижесі. Гүлзарларды, ағаштарды, орындықтарды және қоғамдық мүліктің өзге де нысандарын бүлдіруге жол берілмейді. Осындай әрбір құқық бұзушылыққа қағидатты құқықтық баға беріледі. Қоғамдық орындарға деген құрмет заң талаптарын және қарапайым әдеп нормаларын сақтаудан басталады, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.

Тәртіп сақшылары қоғамдық саябақтар, гүлзарлар мен басқа да демалыс орындары тұрғындардың жайлы демалуы үшін құрылғанын еске салады. Қоғамдық мүлікті бүлдіру, вандализм, агрессивті мінез-құлық және қоғамдық тәртіпті бұзу деректерінің барлығының жолы кесіліп, кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.