Павлодарда Ыбырай Алтынсариннің шығармалар жинағы Брайль қарпімен жарық көрді
Кітаптың аудионұсқасы да әзірленіп, көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандарға қолжетімді болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық арнайы кітапханада қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Кел, балалар, оқылық!» әңгімелер жинағының тұсаукесері өтті.
Жаңа басылым Брайль қарпімен және аудиоформатта жарық көрді. Бұл көру қабілеті бұзылған жандардың қазақ әдебиетімен танысуына және ағартушының шығармаларын өз бетінше оқып, тыңдауына мүмкіндік береді.
Іс-шараға Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушылары, кітапхананың тұрақты оқырмандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесуде ағартушының өмірі мен шығармашылығы таныстырылды. Оқушылар оның өлеңдерін оқып, қатысушылар «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінің аудиожазбасын тыңдады.

Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Серік Сатыбалдин сөз сөйлеп, тағылымды әңгімелерімен бөлісті.
Кеш барысында Ыбырай Алтынсаринге арналған бейнежазба көрсетіліп, музыкалық шығармалар орындалды. Қатысушылар жазушының білімге, еңбекке және адамгершілікке үндейтін туындылары туралы пікір алмасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жинақтың арнайы форматтарда жарық көруі әдеби мұраны барлық оқырманға қолжетімді етуге бағытталған.