Павлодарда кәсіпкерлерді қорғау үшін сот пен «Атамекен» күш біріктірді

Павлодарда кәсіпкерлерді қорғау үшін сот пен «Атамекен» күш біріктірді
Фото: «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Сот төрағасы ай сайын Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерін қабылдайтын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, палата мен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа «Атамекен» ӨКП директоры Айдос Шайхислам мен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың төрағасы Марат Мусабаев қол қойды.

Меморандум кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған.

Тараптар әкімшілік істерді қарау кезінде бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға жолдаған шағымдары мен өтініштерін талдау, жүйелі проблемалар мен әкімшілік кедергілерді анықтау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Сондай-ақ бизнестің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу және палата мен әкімшілік сот арасында тұрақты ақпарат алмасу көзделген.

– Меморандум аясында сот төрағасының Павлодар облысының «Атамекен» палатасының алаңында кәсіпкерлік субъектілерін қабылдауы ай сайын ұйымдастырылады. Қабылдау барысында сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелері қаралады, – деді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.

Тараптар құқық қолдану тәжірибесін зерделеу және түсіндіру мақсатында бірлескен кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізуді де жоспарлап отыр.

– Сонымен қатар құқық қолдану практикасын зерделеу және түсіндіру мақсатында тұрақты бірлескен кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізу, заңнамада қолжетімділігі шектелмеген ақпаратпен алмасу және ынтымақтастығымыздың өзге де нысандары қарастырылған, – деді Айдос Шайхислам.

Әкімшілік сот төрағасы мемлекеттік органдармен даулы жағдайлар туындаған кезде кәсіпкерлерге консультациялық-құқықтық көмек көрсетуге арналған сот ғимаратындағы «АТАМЕКЕН» кабинетінің жұмысын жалғастыруды қолдады.