Павлодарда көлік жүргізу құқығынан айырылған мас азамат жазаланады
Көлік арнайы тұраққа қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Полиция қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту бойынша жұмысты жалғастырып, оның ішінде жол қозғалысы саласындағы құқықбұзушылықтарға нөлдік төзім қалыптастыруда.
Мәселен, «Павлодар–Шарбақты–РФ шекарасы» автожолында Жетекші ауылының маңында полиция қызметкерлері ВАЗ-21063 маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік жүргізушісінің өз-өзін ұстауы күдік тудырған. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады. Құжаттарды тексеру барысында ер адамның бұған дейін жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.
– Тағы бір жағдайда М. Жүсіп көшесіндегі үйдің жанында Lada Granta автокөлігі тоқтатылды. Медициналық куәландыру жүргізушінің мас күйінде көлік басқарғанын растады. Құжаттарды тексеру кезінде оның да бұрын жеті жылға жүргізуші құқығынан айырылғаны, яғни 2029 жылдың сәуір айына дейін көлік жүргізуге тыйым салынғаны анықталды. Екі көлік те арнайы тұраққа қойылды. Аталған деректер бойынша тексеру жүргізілуде, – деді облыстық полиция департаментінде.
Айта кету керек, өңірде «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы 23 қарашаға дейін жалғасады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізі болып қала береді. Заңға құрмет және тәртіп ең алдымен әр азаматтан басталады. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау облыстағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды үлес болып табылады.