Павлодарда көпқабатты үйдің қасбетінде геологтың муралы салынды
 
                                    Ол мерекеге орай пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Биыл облыс әкімі Асайын Байханов және қала әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен қалалық креативті ортаны дамытуға бағытталған «Өнерлі шаһар» жобасы жүзеге асырылуда.
Жоба аясында көше музыканттары, суретшілер мен мобилографтар арасында байқаулар ұйымдастырылып, сондай-ақ екі ауқымды мурал салынды.
Сол муралдардың бірі – көрнекті ғалым, жерлесіміз Қаныш Сәтбаевқа арналған.
– Мурал қаланың орталығында, оның есімі берілген көшеде орналасқан және терең мағынаға ие. Суреттің артында Мемлекеттік Ту бейнеленген, ал алдында салынған Қаныш Сәтбаев — бүкіл өмірін елі мен халқына арнап, ұлттық мүдде мен қоғамдық игілікті жеке бастың пайдасынан жоғары қойған тұлға, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінде.

Муралдағы «Халқым менен де биік» деген сөзі оның өмірлік ұстанымын дәл бейнелейді – халық үшін ойлау, Отанына қызмет ету және Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек ету.
– Осындай адал азаматтардың еңбегі, білімі мен еліне деген сүйіспеншілігінің арқасында біз бүгін тәуелсіз, егемен елде өмір сүріп отырмыз, – деді бөлімде.
Мурал идеясын шебер жүзеге асырған – талантты стрит-райтерлер – Руслан Қасымов және Владимир Зубко.
 
                         
 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
 
    
 
    
 
         
    
 
    
                                        
                                     
    
 
    
 
    
