Павлодарда көшеде оқушыларды итерген жігіттер ұсталды
Қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2 қарашада күндіз Бесқарағай көшесінде екі кәмелетке толмаған қыз бен 20 жас шамасындағы жігіттер арасында жанжал орын алды. №26 мектеп әкімшілігінің мәліметінше, оқушылар жол бойымен келе жатып, жүргізушінің сигналына мән бермей, көліктің ары қарай жүруіне кедергі жасаған.
– Жүргізуші мен жолаушы көліктен шығып, қыздардың бірін итеріп жіберді. Ата-аналар полицияға арыз жазды. Кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда,– деді облыстық білім беру бөлімінде.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмағандардың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Күдіктілер анықталды. Олар ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қажетті тергеу шаралары жүргізілуде,– деді департаментте.
Павлодар облыстық балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева зардап шеккен 13 жасар қыз жатқан ауруханаға барып, жағдайын сұрады.
– Заңды өкілдің қатысуымен қызбен сөйлестім. Оған ешкімнен қауіп төніп тұрған жоқ, кінәлі адамдар заңнамаға сәйкес жауап береді деп айттым. Физикалық тұрғыдан жасөспірім өзін қанағаттанарлық сезінеді. Алайда, қыздың психоэмоционалды жағдайы көмекті қажет етеді,– деді Сәуле Шәкенева.
Бұл ретте жасөспіріммен облыстық балалар ауруханасының мамандары мен мектеп психологы жұмыс жасайды.