Ақтоғай ауданының әкімі құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысын тексерді
Қаршыға Арынов Шұға, Шілікті және Жолболды ауылдарына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жолболды ауылының тұрғындары көтерген негізгі мәселелердің бірі сумен жабдықтау сапасы болды. Азаматтардың өтініштеріне жауап ретінде қазіргі уақытта сумен жабдықтау жүйесінің суды тазарту жабдықтары ауыстырылуда. Келесі аптаның соңында тұрғындар сапалы ауыз суды пайдалана алады деп күтілуде.
– Шұға ауылында медициналық пункт құрылысы, ал Шілікті ауылында спортзал құрылысы аяқталу сатысында. Осы аталған нысандарды ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан Шілікті ауылына кірме жолдың жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықтым, – деп жазды аудан әкімі әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін Шілікті ауылында медициналық пункт пен Шұға ауылында су құбырының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Посмотреть эту публикацию в Instagram