Павлодарда халықаралық медициналық конгресс өтті
Шара академик Раиса Күзденбаеваны еске алуға арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Конгрестің ашылу салтанаты бір минуттық үнсіздікпен басталды. Жиын барысында ғалымның отандық медицинаны дамытудағы рөлі ерекше атап өтілді.
– Раиса Салмағамбетқызы еліміздің тарихындағы тұңғыш әйел-фармаколог болды. Ол бүкіл ғұмырын ғылымға, медицинаға және халыққа қызмет етуге арнады. Клиникалық фармакология мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оның кәсіби мұрасы саналатын бұл конгресс бүгінде маңызды беделге ие, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.
Бұл конгресс еліміздің медицина қауымдастығын біріктіретін ең ірі кәсіби алаңдардың бірі. Ол тәжірибелі дәрігерлерге өңірден шықпай-ақ заманауи білім алып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Биылғы шараға Павлодар облысынан 300-ге жуық дәрігер қатысты. Мамандар терапия, гастроэнтерология, пульмонология, кардиология, ревматология және неврология салалары бойынша өзекті клиникалық ұсынымдар мен жаңа стандарттарды зерделеді. Жиын барысында Қазақстанның жетекші медициналық сарапшылары өз тәжірибелерімен бөлісті.