Павлодарда хайп қуған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды

Павлодарда хайп қуған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды
ЖИ иллюстрациясы

Жастар әлеуметтік желідегі лүпіл үшін көлік қозғалысы кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзуды жиілеткен,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде тәртіп сақшылары әлеуметтік  желілерге мониторинг жасауды жалғастыруда. Оған себеп - жастар арасында «хайп жинауға» тырысып, қозғалыстағы көліктерден денелерін шығарып, жол қозғалысы ережелерін бұзушылардың саны артқан.

Мәселен, Павлодар қаласындағы «Нұрлы жол» көпірінде жүргізушілер жолдың бойында қауіпті «трюктер» жасаған. Онда өрескел маневрлер жасап, көліктердің терезелері мен люктерінен денелерін шығарған. Барлық құқық бұзушылар анықталып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Жолаушылар да жауапкершілікке тартылды. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды.

- Жүргізушілер мен жолаушылар жолдың қауіпті ойын-сауық үшін арналған орын емес екенін есте сақтауы қажет. Мұндай әрекеттер тек құқық бұзушылардың өздеріне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіреді, - деп атап өтті Павлодар қаласы полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.

Тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті екенін ескертеді.