Павлодарда киіз басу, кестелеу, құрақ құрау өнері көрсетілді

Павлодарда киіз басу, кестелеу, құрақ құрау өнері көрсетілді
Фото: «Достық үйі» ұсынды

Мәдениет және демалыс саябағында ел бірлігін ұлықтаған «Бір шаңырақ астында» атты достық фестивалі өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік жиынды шын ықыласпен, жүрек жылуымен Павлодар облысының «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі салтанатты түрде ашты. Бұл — әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін біріктіріп, бірлік пен татулықты дәріптейтін, рухани маңызы зор басқосу болды. Жоғары деңгейде, ұйымшылдықпен ұйымдастырылған фестиваль әрбір қонақ пен қатысушыға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. 

Сахна төрінде жүрек тебірентер әндерімен «Сағым жылдар» ансамблі, ел арасында бірлік пен рухани құндылықтарды насихаттап жүрген Железин ауданының «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері,  сахнаға сән беріп, рухты көтерген «Самғау» би тобы өз өнерлерін ұсынып, көрерменнің қошеметіне бөленді. 

Фестиваль аясында қазақ халқының рухани құндылықтары кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, көрермен назарына қазақ халқының ұлттық қолөнер көрмесі ұсынылды. Көрмеде киіз басу, кестелеу, құрақ құрау, зергерлік бұйымдар секілді ата-бабамыздан жеткен асыл өнер туындылары таныстырылып, ұлттық мұрамыздың байлығы айқын көрініс тапты. Бұл өнер мен салт-дәстүр сабақтастығын, ұлттың жан-дүниесін паш еткен тағылымды кездесу болды.

Фестиваль аясында қатысушылар өз өнерлерін ғана көрсетіп қоймай, қайырымдылыққа да үн қосты, бірлік пен достықтың үлгісін паш етті.