Павлодарда куәлігінен айырылған жүргізуші 10 тәулікке қамалды

Павлодарда куәлігінен айырылған жүргізуші 10 тәулікке қамалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұрын жеті жылға куәлігінен айырылған тұрғын қайтадан рөлге отырғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Істі қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Сот анықтағандай, биылғы сәуір айында азамат П. «Chevrolet Niva» автокөлігін тізгіндеп бара жатқан жерінен ұсталған. Тексеріс барысында оның бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан шектелгені белгілі болды.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Ол айыппұл төлеуге материалдық жағдайының жоқтығын айтып түсіндірген. Алайда оның кінәсі бейнежазбалармен, хаттамамен және іс материалдарымен толық дәлелденді.

Сот шешімімен азамат П. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы кесілді. 

Сот қаулысы заңды күшіне енді.