Павлодарда полицей қызметкерлерінің балаларына арналған жаңа жылдық шырша өтті
Дәстүрлі жаңа жылдық шырша Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекелік кешке келген бүлдіршіндер түрлі маскарадтық костюмдерімен көпшіліктің көңілін көтерді. Жыл символы – жылқы, кішкентай Аяз аталар мен Ақшақарлар, ниндзя тасбақалар, Буратино, қар ұлпалары мен ертегі кейіпкерлері жасыл шыршаны айнала ән шырқап, би биледі.

Шара қонақтарын Аяз ата мен Ақшақар қарсы алып, балаларға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Ойындарға, сиқырлы қойылымдар мен көңілді билерге толы жарқын бағдарлама кішкентай қонақтардың ерекше ықыласына бөленді. Әрбір бала тақпақ айтып, ән салып, Аяз атаға өз тілектерін жеткізуге мүмкіндік алды.
– Ішкі істер органдары қызметкерлерінің балаларына осындай мерекелік шаралар ұйымдастыру – біздің игі дәстүріміз. Ата-аналар қызмет бабымен көп уақытын жұмысқа арнайды, сондықтан балаларға қуаныш сыйлау біз үшін маңызды. Жаңа жыл – мейірім мен сиқырға толы отбасылық мереке. Балалардың жүзіндегі күлкіні көру – біз үшін үлкен бақыт. Келер жыл әр шаңыраққа береке, шаттық пен молшылық әкелсін, – деді ҚР ІІМ облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Азамат Елеутаев.
Мерекелік кеш соңында барлық балаларға облыстық полиция департаменті басшылығы атынан тәтті сыйлықтар табысталды.