Павлодарда мұқтаждарға қатты отын сатып алуға біржолғы көмек беріледі
Өтініш беру үшін тиісті анықтамалар, меншік құжаты, пешпен жылытуды растайтын құжат және табыс туралы мәліметтер қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік төлемдерге құжат қабылдау жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Қатты отын сатып алуға 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшеріндегі біржолғы көмек мүгедектігі бар азаматтарға, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға және көп балалы отбасыларға табысына қарамастан беріледі. Сондай-ақ жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасылар да көмек ала алады. 2025 жылдың 4-тоқсанына арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі – 57 199 теңге.
– Көмекті алу үшін өтініш берушінің санатын растайтын анықтама, тұрғын үйге меншік немесе пайдалану құқығын дәлелдейтін құжат, пешпен жылытуды растайтын анықтама, банктік шот туралы хабарлама және отбасы табысы жөніндегі мәліметтер қажет. Өтініш берушілер тіркеліп, жеке секторда тұруы тиіс, – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің баспасөз қызметі.
Өтініштер қағаз форматында 2025 жылғы 15 желтоқсанға дейін қабылданады.
Мекенжайы: Дүйсенов көшесі 80, Азаматтарды қабылдау орталығы, №54–55 үстелдер.