Павлодарда мұнай-газ саласына арналған хакатон басталды
Жиырмадан астам команда екі күн бойы бәсекеге түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «KMG Digital» ЖШС бірлесіп ұйымдастырған салалық KMG Digital Hackathon басталды.
Байқау Digital Qazaqstan стратегиясының басымдықтарына сәйкес цифрлық құзыреттерді жетілдіруге және заманауи технологияларды өндірісте пайдалануға арналған. Іс-шара елімізде 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында өтіп жатқан AI Month аясында ұйымдастырылуда. Негізгі міндеттердің бірі – жасанды интеллект құралдарын тәжірибеде қолданатын жас мамандарды қолдау және жаңа технологиялардың нақты өндірістік мәселелерді шешудегі мүмкіндігін көрсету.
Биылғы додада «Ақпараттық қауіпсіздік» және «IT-инфрақұрылым» санаттары қамтылды. Бірінші кезеңде командалар бағдарламалық қамтамасыз етудегі осалдықтарды автоматты түрде анықтап, CI/CD процестеріне интеграцияланатын жасанды интеллект агентін әзірлейді. Екінші санатта корпоративтік IT-инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, жұмыс процестерін автоматтандыруға арналған шешімдер ұсынылады.

«KMG Digital» ЖШС жүйелерді дамыту және сүйемелдеу департаментінің жетекші инженері Алмас Нұрғалиевтің айтуынша, бұл компанияның ақпараттық қауіпсіздік тақырыбына арналған алғашқы хакатоны.
– Біз тек дайын шешімді емес, жаңа идеялар мен таланттарды іздейміз. Қазір ақпараттық қауіпсіздікке қатысты талаптар үнемі жаңарып отырады. Сондықтан жасанды интеллект агенті әзірлеуші репозиторийге код жібергеннен кейін оны тексеріп, Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздік талаптары мен жобаның техникалық сипаттамасына сәйкестігін бағалауы керек, – деді жетекші инженер.
Алмас Нұрғалиевтің сөзінше, бастапқы кодтағы қателерді ерте кезеңде анықтау компаниялар үшін маңызды. Себебі бағдарламалық өнім сырт көзге дұрыс жұмыс істегенімен, оның ішінде кейін қауіп тудыруы мүмкін осалдықтар болуы ықтимал.
«KMG Digital» Қазақстанның әр өңірінде осындай зияткерлік жарыстар өткізіп келеді. Бұған дейін мұндай кездесулер Атырау мен Астана қалаларында ұйымдастырылған. Компанияның мәліметінше, алдыңғы әзірлемелер негізінде көлік басқару жүйелері секілді ақпараттық платформаларда жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері де қарастырылған.
Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінің стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі проректоры Салтанат Әубәкірова бұл бастаманың университет, бизнес және IT-қоғамдастық арасындағы байланысты нығайтатынын атап өтті.
– Бүгін 20-дан астам команда жиналып отыр. Олардың арасында Атыраудан келген екі команда бар. Сонымен қатар, облыстың жоғары оқу орындары мен колледждері, өңірдегі серіктес университеттер қатысып отыр. Бұл цифрландыру мен жасанды интеллектке деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді, – деді проректор.

Салтанат Әубәкірованың айтуынша, университет сайысқа келгендерге командалық жұмысқа қажетті алаң мен инфрақұрылымды ұсынып қана қоймай, студенттер мен жас әзірлеушілерге мұнай-газ саласының нақты технологиялық міндеттерімен жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.
«KMG Digital» ЖШС Павлодар филиалының директоры Михаил Железников бұл басқосуды жаңа идеялар қалыптасатын орта ретінде бағалады.
– IT саласы қазір өте жылдам өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, нейрондық желілер, автоматтандыру және жаңа архитектуралар күнделікті қолданылатын құралдарға айналды. Алдағы 5-10 жылдағы технологиялық дамуға бүгінгі жас мамандар ықпал етеді. Біз олардың әлеуетіне сенеміз және үздік қатысушыларға жүлдемен қатар, нақты мансап бастауға мүмкіндік беруді көздейміз, – деді Михаил Железников.
Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының сарапшысы Рустем Ербатыров мұнай-газ саласының цифрлық трансформация кезеңінде тұрғанын айтты.
– Мұнай-газ саласы цифрлық жобаларды кең көлемде жүзеге асырып жатыр. Компаниямыз да терең цифрлық трансформациядан өтуде. Сондықтан жастардың қалыптасқан процестерге жаңа көзқарасы салаға жаңа серпін бере алады, – деді сарапшы.

Байқауға Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінен екі команда қатысуда. Технология факультетінің аға оқытушысы, университеттегі iHub жасанды интеллект орталығының жетекшісі Ақмарал Әбдіғалиева олардың бірі iHub орталығынан, екіншісі технология факультетінің студенттерінен құралғанын айтты.
Орталық жетекшесінің мәліметінше, маусым айында Атырау университетінде өткен KMG Digital Hackathon-ға да 20-ға жуық команда қатысқан. Сол кезде атыраулық студенттер геология санаты бойынша үшінші, HR бағыты бойынша бірінші және үшінші орындарға ие болып, ақшалай сертификаттар алған. Олар Астанада өткен Hack World AI хакатонына да қатысып, Павлодардағы жарысқа екі командамен келген.
– Бұл жолы IT-инфрақұрылым мен киберқауіпсіздік бағыттарында бағымызды сынауға келдік. KMG Digital техникалық тапсырмалар беру және осындай жарыстарды ұйымдастыру жағынан тәжірибесі бар компания. Сондықтан жақсы шешімдер күтеміз, – деді Ақмарал Әбдіғалиева.
Екі күн ішінде командалар сарапшылар ұсынған тапсырмаларды орындап, әзірлемелерін қорғайды. Ұйымдастырушылар үшін негізгі нәтиже – өндірісте қолдануға болатын жаңа идеялармен қатар, IT және жасанды интеллект саласындағы перспективалы мамандарды анықтау.