Павлодарда «Мәуліт айы құтты болсын!» рухани кеші өтті
Жиналған қала жұртшылығы рухани кештен үлкен ғибрат алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, Естай атындағы мәдениет сарайында адамзаттың ардақтысы, асылы болған Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с) мәуліт күніне арналған «Мәуліт айы құтты болсын!» атауымен рухани-тағылымдық кеш өтті. Рухани кешке қала мен ауыл-аймақ мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, қала тұрғындары жиналды.
Облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы мұсылман қауымын Мәуліт мерекесімен құттықтап, пайғамбарымыз жайында уағыз-насихат айтты.
– Адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мерекесі тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтілуде. Мешіттерімізде Аллаға мадақ, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда. Шараны Алла Елшісіне (с.ғ.с) құрмет көрсету мақсатында жасалғаны анық, сонымен қатар осы мүмкіндікті пайдаланып, кері діни ағымдарға қарсы насихаттарға да орын берілді, – дейді Жолдас Қоспақұлы.
Кеште «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің шәкірттерінің орындауында екі дүние сардарына (с.ғ.с) арналған салауат айтылып, мәуліт жыры оқылды, илләһи әндер шырқалып, тағылым, насихаттар айтылды. Облыстық «Әйел-қыздар секторымен» ұйымдастырылған «Пайғамбарға салауат» бәйгесінің жүлдегерлеріне сыйлық табыс етілді.
Рухани іс-шараға жергілікті өнер таланттары, әсіресе жастар белсене қатысып, ақын-жыршылар мен әншілер Алла, оның пайғамбары, имандылық пен бес парыз жайында термелер мен әндер айтты. Олардың шырқаған өсиет термелері мен тағылымдық мәні зор көріністері жүрекке нұр, көзге жас үйірді.
Әсіресе, имандылық жолында сан мыңдаған қиындықтардан жол тауып шығатын, жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін сырлы монологтар, тағылымды қойылымдар, домбырамен орындалған діни ән-термелер тыңдаушының рухани тынығып, ой топшылауына ықпал етті. Мәуліт мерекесін тойлауды қазақтың ұлттық дәстүріне жақындату үрдісі еркін байқалып тұрды.
Рухани шара соңында мешіт жанашырларына дастархан жайылып, ас берілді. Еліміздің амандығына, дініміз исламның көркеюуіне дұға оқылып, Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы келген қонақтарға ізгі тілегін айтты. Жиылған көпшілік ризашылықпен тарқады.