Павлодарда «Мағжан оқулары» қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталды

Республикалық ғылыми-шығармашылық байқаудың қалалық кезеңіне 7-11-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының мәліметінше, байқауда қаланың 30 жалпы білім беретін мектебінен 53 оқушы бақ сынады.
Оқу қорытындысы бойынша «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» бағытында І орынды М.Әлімбаев атындағы мектебінің 8-сынып оқушысы Бейсенбай Адалхас; ІІ орынды Ш.Шөкин атындағы гимназия-мектебі, Ә.Бөкейхан атындағы гимназия-мектебінің және №25 оқушылары; ІІІ орынды № 18, 21, 36, С.Торайғыров атындағы, Ж.Тәшенев атындағы мектеп оқушылары иеленді.
Сонымен қатар, «Жасынан оқу оқып, өнер қуған....» бағытында І орынды №2 мектептің 7-сынып оқушысы Тілеу Айзере; ІІ орынды № 25, Мәшһүр Жүсіп атындағы мектебінің оқушылары; ІІІ орынды № 26, 39, С.Торайғыров атындағы, Ә.Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің оқушылары иеленді.
Ал «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» бағыты бойынша жас ақындар байқауының қорытындысы бойынша І орынды Ж.Тәшенев атындағы мектебінің 8-сынып оқушысы Манай Фатих; ІІ орынды № 33, 35 мектеп оқушылары; ІІІ орынды № 2, 30, 38, Кенжекөл мектеп оқушылары иеленді.
Байқау жеңімпаздары 27 наурыз күні облыстық кезеңге қатысады.