Павлодарда магистральдік жылу желілерін жөндеу басталды

Павлодарда магистральдік жылу желілерін жөндеу басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қалада гидравликалық сынақтар аяқталып, мамандар анықталған ақауларды жоюға кірісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандар анықталған ақауларды жою жұмыстарын бастап кетті. Жедел әрекеттердің арқасында сынақтар бірінші кезекте жүргізілген солтүстік желілік ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің 90 пайызына ыстық су қайта берілді.

Қазіргі уақытта негізгі жөндеу жұмыстары Павлодардағы көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігін жылумен қамтамасыз ететін магистральдік желілерде жүргізілуде. Соның ішінде маңызды нысандардың бірі – №5 жылу магистралі. Бұл желі қаладағы ірі шағын аудандарды жылумен қамтиды.

Нысанда тозған құбыр учаскелерін бөлшектеу және суды айдау жұмыстары аяқталды. Қазір мамандар жаңа құбырларды орнату мен дәнекерлеу кезеңіне кірісті. Жұмыстар күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр және тұрғындарға ыстық суды қысқа мерзімде қайтару жоспарланып отыр, – деді «Павлодарские тепловые сети» ЖШС бас инженерінің пайдалану жөніндегі орынбасары Жанат Семенов.

Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар қаланың жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске сала кетейік, қала әкімі Хасар Хабылбеков солтүстік аудандағы қалған үйлерге ыстық су 20 мамырға дейін кезең-кезеңімен берілетінін, ал оңтүстік аудан бойынша қосу кестесі апта соңына дейін жарияланатынын мәлімдеді.