Павлодарда Майра Шамсутдинованың келін болып түскенде киген шапаны сақтаулы

Шапан тұңғыш келін болған әншіге арнайы тіктірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл әйгілі жерлесіміз Майра Шамсутдинованың туғанына 135 жыл толып отыр. Халық әншісінің мерейтойын тек қана өңіріміз ғана емес, ел бойынша тойлауда. Осы мерейтой аясында Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музейі Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Ән еркесі – Майра» атты жылжымалы көрмені көпшілік назарына ұсынды.
– Көрмеге әншінің біздің музейде сақтаулы тұрған жәдігерлерін қойдық, – дейді музей басшысы Ерлан Рахимов.
Оның айтуынша, музейде журналист Айтжан Бәделхан және өлкетанушы Қуаныш Шайзадинов Ақмешіт архивінен тапқан әншінің қайтыс болғаны жайында жазылған құжаты сақталған. Ал, Семей губерниясының құжатында Майра Шамсутдинова 1927 жылы 25 қаңтарда дүниеден қайтқан деген мәлімет бар. Қайтыс болу себебі жүрек тамыр ауруына байланысты деп жазылған. Майра 37 мүшел жасында өнерінің өрлеп тұрған шағында дүниеден өткен.
Музейде Баянауыл, Қоянды жәрмеңкесінің суреті сақтаулы. Жәрмеңке жылына бір-ақ рет үш ай бойы өткізілген. Бұндай жәрмеңкеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен қолөнершілер, саудагерлер келген. Жәрмеңкеге өнер адамдары да, әншілерде келіп, өз өнерлерін халыққа паш еткен. Майраның әкесі қолдан бөрік тігіп сатумен айналысқандықтан сауда-саттық жасау мақсатымен осы жәрмеңкеге барғанда Майраны бірге ала барған.
– 13-14 жасар Майра көпшіліктің алдында ән салып, халықты өзінің ерекше қоңыр даусымен таң қалдырады, – дейді Ерлан Рахимов.
Майра Уәлиқызы Қоянды жәрмеңкесінен қайтар жолда Баянауылға Сүбек ұстаның үйіне соғады және ұстаның бәйбішесіне жәрмеңкеден алған кесесін сыйға тартады. Яғни Майраның қолы тиген бұйымның бірі болған кесені музейден көруге болады.
Одан бөлек Майраға келін болып түскенде арнайы тіктірілген шапаны бар. Сол кездегі дәстүр бойынша тұңғыш келінге арнайы тіктірілген шапан кейін кіші келіндерге мұра болып қалып отырған.
Айта кетейік, композитор Майра Уәлиқызының туғанына 135 жыл толуына орай «Майра жүрген іздермен» атты жылжымалы көрме ұйымдастыру жоспарлануда.