Павлодарда медицина қалдықтарынан пайда болған қоқыс үйіндісі табылды

Заттар арасында қанды шприцтер жатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім еткендей, Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аймағында медициналық қалдықтардың рұқсатсыз жинақталғаны анықталды. Қалдықтардың бір бөлігі медициналық қалдықтарды қауіпсіз жинауға және жоюға арналған контейнерге салынған.
– Қазіргі уақытта медициналық қалдықтарды қауіпсіз басқару бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу фактілерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, – деді ол.
Ал экология департаментінің мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, «KSP Steel» ЖШС ПФ солтүстік бөлігінде орналасқан жер учаскесінің аумағын тексерді.
Нәтижесінде пайдаланылған құралдардан, қанмен ластанған заттардан, мата, шприцтер, жүйелер және т.б. тұратын медициналық қалдықтардың жерде үйіліп жатқаны анықталды.
Учаскелік инспектордың түсіндіруі бойынша, осы жер учаскесінде медициналық қалдықтарды қабылдау және жағу қызметін «BB-Group KZ» ЖШС жүзеге асырады.
Тексеру материалдары экология департаментіне жолданып, «BB-Group KZ» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындауға негіз болады.