Павлодарда мектеп оқушылары баскетболдан жарысты
Турнирге 250-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 18-19 сәуір аралығында қалалық №29 жалпы орта білім беретін мектебінің спорт залында «Ұлттық Мектеп лигасы» 5-ші спартакиадасының бағдарламасында 5-6 сынып ұлдары мен қыздары арасында баскетболдан облыстық жарыс өтті.
Баскетболдан жарысқа облыстың барлық қалалары мен аудандарынан 11 ұлдар командасы және 10 қыздар командасы, барлығы 258 оқушы қатысты.
– Ойындардың қорытындысы бойынша қыздар арасында бірінші орынды Ақсу қаласының мектеп-лицейі, екінші орынды Тереңкөл ауданының Бобровка ЖОББМ, үшінші орынды Екібастұз қаласының №10 ЖОББМ; ұлдар арасында бірінші орынды Ертіс ауданының №4 ЖОББМ, екінші орынды Екібастұз қаласының №13 ЖОББМ және үшінші орынды Железин ауданының №1 ЖОББМ иеленді, – делінген хабарламада.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер аймақтық оқу-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының грамоталары, медальдары және кубоктарымен марапатталды.