Павлодарда «мина» қойылған мектептен 2000-нан астам адам эвакуацияланды
Аталған факті бойынша полиция тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 ақпанда полицияға № 34 ЖОББМ директорының электрондық поштасына «мектепте мина қойылған» деген мазмұнмен хабарлама келіп түскені туралы арыз түскен.
– Оқиға болған орынға шұғыл барлық қызметтер жіберілді. Жедел топтың қызметкерлері мектеп ғимаратына тексеру жүргізді. 1115 адам эвакуацияланды, оның ішінде 950 оқушы бар. Сондай-ақ №35 ЖБОМ-тен 1000 адам эвакуацияланды, – деді департаментте.
Тексеріс кезінде қандай да бір күдікті зат анықталған жоқ.
Полицияда ұқсас хабарламалар №9 және 28 мектептің пошталарына келіп түскенін айтты, бірақ полицияға білім беру ұйымдары бұл туралы бүгін хабар берген. Осыған байланысты бүгін эвакуация жүргізілген жоқ.
Хатта белгісіз адам «барлығын жек көретінін» және қалғандары да соны сезгенін қалайтынын жазған.