Павлодарда музейден Жүсіпбек ұстаған Құран кітапті көре аласыз

Кітап 1900 жылы Қазан қаласында басылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдығына орай тарихи жәдігерді Баянауыл ауданының бас имамы Саян Қожин Бұқар жырау музейіне аманат еткен.
– Жәдігерді заманында Баянауылдағы Әбілдә хазірет өзге діни кітаптармен бірге Бұқарадан керуен тарттырып алдырған екен, – дейді музей қызметкері Абзал Рымбек.
Оның айтуынша, 1936 жылы большевиктер медресені талқандағанда жұрт оның ішінде қаланып тұрған Құран кітаптардың барлығын Қадырдың атасы Тайшықтың моласына апарып үйген. Тайшық атаның кесенесі биіктеу әрі үсті ағашпен жабылғандықтан, кітаптар ұзақ жылдар бойы сақталып келген. Алайда кейін төбесі жанып кетіп, кітаптар бүліне бастаған соң жергілікті азаматтар бүтін қалғандарын үйлеріне тасып әкеткен.
– Жүсіпбек ұстаған Құран кітаптың бірін өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев аман сақтап қалып, Баянауылдағы Мұса мырза мешітіне тапсырыпты. Кітаптың алғашқы бетіне белгісіз біреу латын әліпбиімен медресенің өртелген уақытын жазып қалдырған, – дейді ол.
Бұдан бөлек Жүсіпбек Аймауытұлының жатын бөлмесінде ілініп тұрған жасыл түсті сюзане кілемі және өзі ағаштан жасап алған сия сорғышы, сызғышы, қағаз кескіші, үнемі жанынан тастамаған «Насихат» қалта сағаты бар. Алаш ардақтысы осы әр затының бір бұрышына бейбітшіліктің символын бедерлеп салған.
Бұл бұйымдарды 90 жылдары музей ашылғанда қаламгердің қызы Мәруа Жүсіпбекқызы қорға тапсырған.