Павлодарда неолит кезінде табылған сиқырлы құмыралар көрсетілді
Көрмеде ежелгі Египет, Үндістан, Грекия елдерінде қолданған құмыралар да қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында «Сиқырлы құмыра» көрмесі ашылды. Экспозицияда облыстық тарихи-өлкетану және Ақсу тарихи-өлкетану музейлер қорынан жинақталған 70-тен астам құмыра бар.
– Құмыра ыдыс ретінде неолит дәуірінде пайда болды. Оның нақты қай жерде шыққаны белгісіз. Біреулер Жапонияда, тағы басқасы Грекия деп айтады. Жалпы ғалымдар неолиттік революция кезінде адам алғаш рет киім-кешек тігіп, құрал-саймандарды жасай бастағанын, азық өндіріп, сақтауды үйренгенін айтады, – деді қорлардың бас сақтаушысы Әлия Жомартова.
Неолит дәуірінде (б.з.б. 5-3 мың жылдықтар) ежелгі тайпалар сазды ұстап, одан қыш ыдыс жасаған. Оларды күйдіргеннен кейін керамика пайда болды.
– «Сиқырлы құмыра» көрмесінің және мұражай экспозициясының мақтанышы – б.з.д 4-3 мың жылдықтағы неолит дәуіріне жататын өрнектермен қашалған екі қыш ыдысы. Олар Железин ауданында 1951 жылы табылған. Сол кезде бұл Қазақстандағы жалғыз қыш ыдыстар болатын,– деді Әлия Жомартова.
Оның сөзінше, қыш ыдыстарға ұзақ уақыт бойы тұрмыстық және қасиетті мағынасы болған. Археологтардың сөзінше, сол уақытта адамдар жерленген кезде қабірге өмірде қолданған ыдыстарымен бірге көмген. Оны археологиялық қазбалар дәлелдейді.
Экспозицияны Андрон мәдениеті, сақ тайпалары қолданған ыдыстар жалғастырады. Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылында б.з.д 4-2 ғасырда ерте темір дәуіріне жататын керамикалық ыдыстарды павлодарлық археологтар Георгий Пересветов пен Тимур Смағұлов тапқан болатын.
– Ыдыстар отқа күйдірілгендіктен сыртынан күйенің белгілері бірден көрінеді. Қазірдің өзінде құмыралар жақсы сақталған. Барлық жәдігерлер сол уақытта облыс аумағында қайнаған өмір болғанын көрсетеді, – деді Әлия Жомартова.
Көрменің ортасында тұрған сақ тайпасының әйелінің инсталяциясы көзге түседі. Ол қолында темір қазанды ұстап отыр. Ал жанында үш аяқты тіреуішке қойылған қазанның үлкен түрі тұр.
Үш қоныс аудару толқынын басынан кешірген облыс тұрғындары тұрмыста қолданған ыдыстар да көрмеге қойылды.
– Столыпин аграрлық реформасы тұсында, жер аз шаруаларды Ресейден, Украинадан бізге қоныс аударған кезде субсидия беріп, ең жақсы учаскелерді бөлген. Сол уақыттан бізде шығыс славяндары қолданған макитра, украин халқы ұстаған сазды кринкалар пайда болды. Ал соғыс жылдарында бізге Қиыр Шығыстан халықтар қоныс аударды. Үйлерде Кавказ, Үндістанда, Корея елдерінде жасалған ыдыстар, құмыралар тұратын,– деді Әлия Жомартова.
Жылдар өте келе саз бен керамиканы металл мен шойын материалдары алмастыра бастады. Аталмыш ыдыстарда азық-түлік сақтаған.
– Мысалы, кейбір ыдыстарды суықты ұстайтын компоненттерден жасаған. Кәдесыйға тартылатын ыдыстарды жылтырлатып, сурет салынатын, – деді тарихшы.
Бұдан бөлек көрмеде қазіргі заманда шығарылған құмыралар да бар. Экспозицяның соңғы жәдігерлеріне облыстың танымал тұлғаларына берілген вазалары жатады. Атап айтқанда, мемлекет және қоғам қайраткері Қанат Даржұман, зоотехник Яков Герингке және басқа да тұлғалардың мемориалдық заттары бар.
Сондай-ақ, 1950-1960 жылдары облыс тұрғындары үшін керамикалық ыдыстарды шығарған кәсіпорындар жұмыс істеген. Мысалы, Екібастұз шыны зауыты шығарған гүл вазалары көздің жауын алады. Бүгінде аталмыш кәсіпорындар жоқ, алайда олардың ыдыстары әлі күнге дейін сақталған.
– Мың жыл бұрын пайда болған, бір кездері өзгерген, бірақ соған қарамастан қазіргі заманға дейін жеткен саз балшықтан жасалған құмыраны сиқырлы деп айтуға болады. Бүгінгі таңда да оның сұранысы жоғалмаған. Керамикадан түрлі шеберлік сабақтар, балаларда емдеу үшін арт-терапия өткізіледі, – деді Әлия Жомартова.
Көрме екі апта жұмыс істейді.