Павлодарда Novotel халықаралық бренді қонақ үйінің құрылысы басталды

Ескі ғимаратты бұзу жұмыстары 2025 жылдың сәуір-маусым айларына жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов «Orient Group KZ» ЖШС құрылтайшысы Руслан Шаекинмен кездесіп, Павлодарда Novotel қонақ үйін салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мәселелерін талқылады.
Novotel негізі 1967 жылы қаланған, қазір әлемге өзінің жайлы және заманауи қонақүйлер желісімен танымал.
– Бұл – біздің өңірдегі осындай деңгейдегі туризм және қонақ үй бизнесі саласындағы алғашқы жоба. Туристік инфрақұрылымды дамыту – басым бағыттардың бірі. Халықаралық деңгейдегі қонақ үйдің бой көтеруі Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін маңызды қадам болатынына сенімдімін, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Жоба бойынша ауданы 10 мың шаршы метрден асатын 10 қабатты ғимараттың құрылысы қарастырылған. Кешенде 120 заманауи бөлме, фитнес-орталық, SPA-аймақ, мейрамхана, келіссөздер бөлмесі және конференц-залдар орналасады. Инвестиция көлемі 7 млрд теңгені құрайды.
– Біз бұл жобаны Павлодарда іске асыратынымызға қуаныштымыз. Болашақ қонақ үй тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы орын болатынына сенімдіміз. Өз тарапымыздан құрылыстың жоғары сапасына және барлық мерзімдердің сақталуына кепілдік береміз, – деп атап өтті Руслан Шаекин.
Қонақ үй 2027 жылы ашылады деп күтілуде. Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға жобаны іске асыру барысында жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.