Павлодар облысында азық-түлік бағасына мониторинг күшейтілді

Павлодар облысында азық-түлік бағасына мониторинг күшейтілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдегі базарлардың қызметін ретке келтіру және делдалдарды жою бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Үкімет отырысында берген тапсырмасына сәйкес, мамандар әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қоса алғанда, тауарлардың бағасына мониторинг жүргізіп, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіруде.

Бұл жұмысқа облыс әкімдігімен бірге сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау, техникалық реттеу және метрология, полиция, мемлекеттік кірістер, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері жұмылдырылды.

Шараның негізгі мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және өнім құнының негізсіз өсуіне жол бермеу. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосылатын шекті сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауын қадағалауға баса назар аударылуда. Түсіндіру шаралары «Рахмет» және «Квазар» сауда базарларында өтті.

Мониторинг барысында кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтау бойынша түсіндірмелер берілді. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бағаны негізсіз өсірмеуді және өнімдерде баға белгілерінің болуын талап етті. Техникалық реттеу және метрология департаменті таразылардың дұрыстығы мен тексеруден өткенін қадағаласа, мемлекеттік кірістер органдары бақылау-кассалық машиналарды қолдану мен фискалдық чек беру маңыздылығын ескертті. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өнімдерді сақтау мен сатудағы санитарлық нормаларды еске салды.

Сонымен қатар тауар жеткізу тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту шаралары қабылдануда. Бұл халық үшін өнімнің соңғы құнын төмендетуге септігін тигізеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып, аймақтың басқа да базарларын қамтитын болады.