Павлодарда он жаңа бағдаршам орнатылады

Павлодарда он жаңа бағдаршам орнатылады
Фото: Константин Шелков

Олардың таймері көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілер санына байланысты есептеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар көшелерінде бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жаяу жүргіншілерге арналған жасыл жарық уақыты кездейсоқ қойылмайды. Ол жолдың еніне және көлік пен адамдар қозғалысының қарқынына байланысты есептеледі. Бағдаршамдардың жұмыс режимін Павлодар қаласының полиция басқармасы бекітеді.

Қазір қалада 181 бағдаршам бар, оның 36-сы жаяу жүргіншілерге арналған шақыру батырмасымен жабдықталған. Биыл тағы 10 жаңа бағдаршам орнату жоспарланған, олардың төртеуі батырмамен болады.

– Жаңа нысандар Сәтбаев – Исиналиев, Иса Байзақов – Толстой, Астана – Исиналиев, Геринг – Минин көшелерінің қиылыстарында пайда болады. Бағдаршамадар орнатылатын орындар жол-көлік оқиғаларының статистикасы мен жолдардың жүктемесіне, әсіресе жаяу жүргіншілер көп жиналатын жерлерге қарай таңдалады, – деп хабарлады қала әкімдігінде.

Бүгінде бағдаршамдардың 90 пайыздан астамы кері санақ таймерімен жабдықталған. Оларды жаңарту жұмыстары жыл сайын жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.

Сонымен қатар, қалада жарықтандырылған жаяу жүргіншілер өткелдері де енгізіліп жатыр. Биыл «Zebra Light» жүйесі аясында алты қиылыста және Лермонтов көшесіндегі төрт өткелде орнату жоспарланған.

Дегенмен, жаңа технологияларға қарамастан, жол ережесін бұзу деректері азаймай тұр. Полиция мәліметінше, жыл басынан бері 700-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған.

Қала билігі жол инфрақұрылымын жаңарту ең алдымен қауіпсіздік үшін жасалып жатқанын айтады. Бірақ қауіпсіздік әркімнің өз жауапкершілігіне байланысты.