Павлодарда орталық скверді жөндеу кезіндегі артық шығынның алдын алды
Жауапты мамандар саябақты жөндеу кезінде жаяу жүргіншілер жолағына қажет материалдарды үш есеге артық қылып көрсеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының прокуратурасы орталық скверді жөндеу жобасын тексеру кезінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалу қаупін анықтады.
Тексеру барысында жөндеу жұмыстарына арналған сметалық құжаттарға 25 мың шаршы метрден астам аумаққа тротуар плиталарын төсеу және дәл осындай көлемде бетон плиталарын сатып алу енгізілгені белгілі болды. Бұл материалдардың жалпы құны 368 миллион теңгеден асқан.
Алайда орталық сквердің жалпы аумағы шамамен 25 мың шаршы метрді құрайды. Оның бір бөлігіне көгалдар, ағаштар мен ашық топырақ учаскелері кіреді. Сондықтан барлық аумаққа плитка төсеу мүмкін емес.
Прокуратура жүргізген өлшеу жұмыстары нәтижесінде скверге қажетті тротуар плиталарының нақты көлемі тоғыз мың шаршы метрден аспайтыны анықталды.
Осылайша, жобада көрсетілген жұмыс көлемі нақты қажеттіліктен бірнеше есе артық болған. Бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелуі мүмкін еді.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылды. Кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Павлодар қаласының прокуратурасы мемлекеттік қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылау жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.