Павлодарда педагогтар «4К» дағдыларын дамыту әдістерін меңгерді
Бұл оқыту процесін нәтижелі етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
№7 арнайы мектеп-интернатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалармен жұмыс істейтін ұйымдардың педагогтеріне арналған облыстық семинар-тренинг өтті.
Іс-шараның тақырыбы қазіргі педагогиканың ең өзекті мәселелерінің біріне бағытталды: «Мектеп жасындағы балалардың қабілеттерін диагностикалау және «4К» дағдыларын дамыту әдістері». Бұл төрт дағды – коммуникация, коллаборация, сыни ойлау және креативті ойлау қазіргі қоғамда табысты бейімделу мен нәтижелерге қол жеткізу үшін маңызды деп танылған.
— Бүгінгі семинардың мақсаты — тәрбиешілерді, қатысушыларды біздің жобамызбен таныстыру, қолданатын диагностикамыз туралы айту, балалардың қабілеттерін анықтау үшін қандай диагностика түрлерін пайдаланатынымызды көрсету, тәрбиешілерге балаларды дамыту мен қабілеттерін анықтауға жаңа тәсілдер үйрету, — деп атап өтті «Еl Umiti» қоры» корпоративтік қорының балалар мен жастарды диагностикалау және дамыту орталығының жобалар үйлестірушісі Динара Жұмабаева.
Іс-шара барысында алынған білім мен ұсынылған жаңа әдістер мамандарға оқыту мен тәрбиелеу тәсілдерін жақсартуға, балалардың қабілеттері мен дағдыларын сапалы дамытуға көмектеседі. Қазіргі диагностикалық әдістерді енгізу және «4К» дағдыларын дамытуға баса назар аудару білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашады.