Павлодарда полиция күні қарсаңында үздік тәртіп сақшылары марапатталды

Павлодарда полиция күні қарсаңында үздік тәртіп сақшылары марапатталды
Фото: Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі

Кәсіби мерекеге арналған салтанатты шарада ондаған қызметкер мен ардагердің еңбегі атап өтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінде Қазақстан полициясының 34 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары және департаменттің жеке құрамы қатысты.

Жиынды облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр ашып, полиция қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Бұл күн – полицияның қалыптасуына үлес қосқан азаматтарға, ардагерлерге және бүгінде халық қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларына көрсетілген құрмет. Сондай-ақ бейбіт уақытта азаматтардың тыныштығы үшін жанын қиған ерлерді еске алу күні, – деді Василий Скляр.

Салтанатты шара барысында үздік қызметкерлерге арнаулы атақтар мен ведомстволық марапаттар табысталды.

Ішкі істер министрінің бұйрығымен Аскар Сабабаевқа «полиция полковнигі» атағы берілді. Айдын Нұрымов, Медет Бейсенов және Сергей Козлов «полиция подполковнигі» атанса, Әлібек Қайдаров пен Азамат Уәлиевке «полиция майоры» арнаулы атағы берілді.

«Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен Бауыржан Бидаев марапатталды.

«Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі Балғабай Қапаровқа, Қанат Қайыргелдиновке және Рустам Күзембаевқа табысталды. ІІМ Құрмет грамотасымен Мадина Жұмабаева марапатталды. Ал ІІМ грамотасы ардагер Қуат Амерхановқа, Алғыс хат Гүлия Шадиеваға берілді.

Сонымен қатар бірқатар тәртіп сақшылары облыс әкімінің марапаттарына ие болды. Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған полицейлер департамент басшылығының бұйрығымен де көтермеленді.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада патриоттық әндер орындалып, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына арналған шығармалар шырқалды.

Жиын соңында ұйымдастырушылар тәртіп сақшыларының басты міндеті – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.