Павлодарда полициядан қашқан жүргізуші қамауға алынды

Павлодарда полициядан қашқан жүргізуші қамауға алынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқиға облыс трассаларының бірінде кезекті патрульдеу кезінде тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бақылау камералары мен радарлар көліктің жылдамдықты айтарлықтай асырғанын анықтаған. Алайда жүргізуші полицияның тоқтау туралы заңды талабын орындамай, керісінше қашуға тырысқан.

– Таңғы сағат 5 шамасында «Павлодар – Құлынды» автожолында, Кемеңгер ауылы маңында патрульдік полиция қызметкерлері «Hyundai Sonata» көлігінің жүргізушісі жылдамдықты асырғанын анықтады. Жүргізуші жарқылдақ шамдар мен дыбыстық белгілерді елемей, қауіпті маневрлер жасап, басқа жол қозғалысына қатысушыларға нақты қауіп төндіріп, қашуға әрекет етті. Экипаждардың үйлесімді әрекетінің нәтижесінде көлік тоқтатылып, бұғатталды, – деді патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.

Оқиға бойынша жүргізушіге қатысты бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Атап айтқанда, жылдамдықты асыру, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару фактілері анықталған.

Сот қаулысымен құқық бұзушы үш тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 15 айлық есептік көрсеткіш (64 875 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Көлік құралы тәркіленіп, айыппұл тұрағына қойылды.

Полиция ведомствосы патрульдік полициядан қашу әрекеті жағдайды ушықтыратынын, ал заманауи бейнебақылау жүйелері мен экипаждар арасындағы жедел байланыс жауапкершіліктен құтылуға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Сонымен қатар облыс жолдарындағы қауіпсіздік бақылауы күшейтілгені айтылды.