Павлодарда прокурорлар оқушыларға құқықбұзушылықтың салдарын түсіндірді

Спикерлер қоғамдағы төзімділік, кемсітушілікке жол бермеу және салауатты өмір салтын ұстану тақырыптарына ерекше назар аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
10 ақпан күні №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінде құқық қорғау органдарының өкілдері оқушылармен кездесу өткізіп, құқықтық сауаттылықты арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылады. Іс-шараға облыстық прокуратураның қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында басқарманың аға прокуроры Щербаков М.А. оқушыларға әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы баяндады. Ол заң бұзған жағдайда қолданылатын шараларды түсіндіріп, жасөспірімдерге заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын жеткізді.
Сондай-ақ, құқықтық сағат барысында «Онлайн платформалар туралы» заңнамаға ерекше назар аударылды. Спикерлер интернеттегі қоғамдық қатынастарды реттейтін заң нормаларын түсіндіріп, онлайн кеңістіктегі құқықбұзушылықтардың салдары туралы айтты.
Құқық қорғау органдарының өкілдері оқушыларға қоғамдағы төзімділіктің маңыздылығын, кез келген кемсітушілікке жол берілмейтінін атап өтті. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстану және қолданыстағы заңдарды сақтау әрбір азаматтың міндеті екендігіне баса назар аударылды.
Фотосуретті ұсынған облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы