Павлодарда психологқа жүгінетін студенттер саны артуда

Павлодарда психологқа жүгінетін студенттер саны артуда
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Оқу жүктемесі мен шаршау жастардың көңіл күйіне әсер етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жүрген жастар эмоциялық қысымды әртүрлі тәсілмен азайтуға тырысады. Бірі әлеуметтік желіге көңіл бөлсе, енді бірі жақындарымен сөйлесіп, спортпен шұғылданады немесе сүйікті ісіне уақыт бөледі. Сондай-ақ соңғы жылдары психолог мамандарға кеңес сұрап келетін жастардың саны да артқан.

Жастар денсаулық орталықтарының жинақталған мәліметіне сәйкес, 2023 жылы психологтарға 3661 адам барған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4504-ке жетсе, 2025 жылы 10 746 өтініш тіркелген. Осылайша, бір жыл ішінде мамандарға хабарласу саны 6242-ге көбейген.

Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында психологтарға 9321 өтініш түскен. Бұл өткен жылғы толық жылдық көрсеткіштің 87 пайызына тең.

Облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Анна Сербинаның айтуынша, күйзеліс кезінде жастардың бір бөлігі телефонға және әлеуметтік желілерге жиі жүгінеді.

– Күйзеліс кезінде телефонға үңіліп, әлеуметтік желілерді ақтару адамға уақытша ғана жеңілдік береді. Ішкі ширығуды азайту үшін таза ауада серуендеп, жақын адамдармен сөйлескен дұрыс. Ең маңыздысы – адамның  өз бойындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, стресті жеңудің өзіне қолайлы әрі тиімді жолын таңдауы, – дейді психолог. 

Өткен жылы 10-29 жас аралығындағы 1411 адамның қатысуымен жүргізілген сауалнамада жастардың эмоциялық қысымды жеңу тәсілдері анықталған. Қатысушылардың 35 пайызға жуығы әлеуметтік желілерді пайдаланатынын айтқан. 22 пайызы жақындарымен және достарымен сөйлесуді жөн көрсе, 21 пайызы хоббиге, тағы 21 пайызы спортқа жүгінетінін көрсеткен.

Бұл әдеттер жастардың күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Сабақ, емтихан, тапсырмалар мен жеке өмірді қатар алып жүру кезінде олар бос уақытын өзіне ұнайтын істерге арнап, жақындарымен араласу немесе қимыл-қозғалыс арқылы сергіп қалуға тырысады.

Маман жастардың психологиялық жағдайына бұрынғыдан да саналырақ қарай бастағанын атап өтті. Оның сөзінше, кейбір жастар маманға жүгінсе, енді бірі өз жағдайын түсіну үшін  жасанды интеллект құралдарын пайдаланады.

– Эмоциялық күйзелу, депрессия немесе мазасыздық сияқты жағдайларға диагноздарды психиатр қояды. Ал кейде адамның өзін жайсыз сезінуіне ұйқының қанбауы, күн тәртібінің бұзылуы, жүйке жүйесінің шаршауы немесе ақпарат пен түрлі стимулдардан шамадан тыс көп болуы себеп болуы мүмкін, – деді Анна Сербина.

Психологтың айтуынша, спорт пен хобби адамның эмоционалдық жағдайын қалпына келтіруге көмектеседі. Дегенмен мұндай тәсілдерді  барлық жағдайда негізгі шешім ретінде қабылдауға болмайды.

– Егер адам қатты шаршамаған және сыртқы әсерлерден қажымаған болса, спорт пен сүйікті іс оған жақсы қолдау бола алады. Ал ашушаңдық, әлсіздік  немесе  күштің жетіспеуі байқалса, алдымен энергияның неге жұмсалып жатқанын анықтау керек. Ұйқы мен күн тәртібін реттегеннен кейін ғана қосымша ресурс беретін істерге көңіл бөлген дұрыс, – дейді маман.

Сонымен қатар, жастардың басым бөлігі қиындықты өз бетімен еңсеруге тырысады. Соған қарамастан психологтарға барғандар санының өсуі бұл тақырыпқа деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын аңғартады.

Өңірде психологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Мамандардың пікірінше, эмоциялық қысымды азайтудың әмбебап тәсілі жоқ. Ең бастысы – өз жағдайын дер кезінде байқап, қажет болса, маманнан кеңес алу.