Павлодарда нөсер жауыннан кейінгі апатты жою жұмысы жалғасуда
Электр желісінің апаттық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің мәлімдеуінше, бір күн бұрын жауған жаңбыр мен қатты желдің салдарынан қаладағы трансформаторлық қосалқы станциялардың көпшілігінің электр желілерінде ылғалдылық жоғарлаған. Салдарынан трансформаторлық қосалқы станциясының қорғаныс құрылғылары іске қосылып, тұтынушылар электр желісінен ажыратылған.
- Электр желісін трансформаторлық қосалқы станцияға қосу үшін қалалық электр желісінің апаттық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта 6 жедел топ жұмылдырылған. Қазіргі таңда электр қуатынан ажыратылған жеке тұлғалар саны 7193-тен 1570-ке, заңды тұлғалар саны 369-дан 66-ға дейін азайды, - делінген хабарламада.
Коммуналдық қызметі Назарбаев даңғылы - Торайғыров көшесі, Естай көшесі, Радищев көшесі, Қаз.правда, Сәтбаев көшесі, Гагарин көшесі, Қамзин көшесі, Ак.Шөкин көшесі, Осипенко көшесі, Чайковский көшесі, Усолка ккөшес,і 51, Қамзин көшесі, 106, Осипенко көшесі, Расков көшесі, Екінші Павлодар шағын ауданы, Алтай көшесі, Щедрин көшесіндегі жаңбыр суын сорғызу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
- Су сорғызу жұмыстарына 15-тен астам техника, 4 мотопомпа және 1 ӨССС жұмылдырылған. Жаңбыр суын сорғызу жұмыстары әлі де жалғасуда, - деп толықтырды жауапты мекеме.
Бұдан бөлек, қатты желден ағаш құлауының 41 оқиғасы тіркелген болса, оның 14 мекенжайында құлаған ағаштар кесіліп, шығарылды.