Павлодарда республикалық аналар кеңесінің мүшелері бас қосты

Павлодарда республикалық аналар кеңесінің мүшелері бас қосты
Суретті облыстық Достық үйі ұсынды

Өңірімізде 211 аналар кеңесі жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің «Адамзаттың асылы – ана» атты республикалық форум өтті. Отырыс салауатты өмір сүруге тәрбие беретін бағытты қамтыды.

Іс-шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова республикалық форумға қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи сөз алып, өңіріміздегі аналар кеңесі мүшелерінің жұмыстарын қолдап жүрген жандарға алғыс айтып, өзі дайындаған сыйлықтарын табыс етті.

–   Қоғамдағы нашақорлық, насыбай ату, тұрмыстағы зорлық-зомбылық сияқты әлеуметтік кесірлердің алдын алу және толығымен айыру секілді жамандықтардан құтылу үшін аналар кеңесімен қоса жалпы қоғам жұмылу керек. Бұл – баршамыздың борышымыз, себебі мәңгілік қазақ елінің жарқын болашағы өскелең ұрпаққа байланысты, – деді Айгүл Маликова.

Өңірімізде 211 аналар кеңесі, 50-ге жуық орталық, үйірмелер мен клубтар жұмыс істейді. Аналар кеңесінің қоғамдағы ұлттық тәрбиені жандандыру мен ұлттық рухты нығайту барысында отбасы құндылықтары, ізгі ұрпақты тәрбиелеу, құқық бұзушылықтың алдын алу, әйелдер құқықтық сауаттылығын арттыру секілді әлеуметтік маңызды сұрақтарды басты назарда ұстайды.

Бұл бағытта өңіріміздегі аналар кеңесі, «Жас ұрпақ» балалар үйі, Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, қалалық әлеуметтік-психологиялық оңалту және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ балалары бар әйелдерді бейімдеу орталығы, білім беру бөлімі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен тығыз байланыста жұмыс атқарады.

–   Ана – ұлттың тірегі, әр отбасыда ананың тәрбиесімен әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас қалыптасады, – деді Назипа Шанаи.

Облыстық аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максилованың айтуынша, өңіріміздегі аналар кеңесі 45 мектеппен келісімшарт жасап, «Отбасы тәрбие іргетасы» және «Әке фест» фестивалін ұйымдастырады, балаларды өз ұлтының салт-дәстүрін сақтауға, үйренуге дайындап, мектеп пен қоғамға саналы ұрпақ тәрбиелеуге көмек көрсетеді. Ол мектеп басшыларын өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар қазір өңірімізде барлық аудандарда аналар кеңесі жұмыс істейтінін атап өтті және облыс көлеміндегі әр саланың қолдауымен ұйымдастырылып жатқан тарихи салт-дәстүрді сақтау, тілді құрметтеу туралы көптеген жобалар өткенін жеткізді.

Қонақтар үшін Ертіс елінің өнерлі қыз-келіншектері жасаған өнімдер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ұлттық киімдер мен әшекейлер, түрлі техникалармен салынған картиналар және өзге де ерекше бұйымдар қойылған.