Павлодарда садақ атумен айналысатын жастар көбейіп келеді
Бұл – өнерге қызыққан жастар үшін тек спорт емес, мінезді шыңдайтын бағыт, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы жылдары Павлодарда садақ ату спортына қызығушылық танытатын жастардың саны артып келеді. Бұрын тек тарихи мұра немесе ұлттық ойын ретінде қабылданған өнер бүгінде денсаулықты нығайтатын, сабыр мен дәлдікті талап ететін ерекше спорт түріне айналып отыр.
Жастардың бірі спортқа жақын болса, енді бірі шығармашылыққа бейім. Ал павлодарлық жас Дәурен Жүнісхан үшін садақ ату екі бағытты тоғыстырды. Себебі бұл спорт түріне тек физикалық дайындықты емес, ішкі үйлесімділік керек. Қазіргі уақытта ол балаларды жаттықтырып келеді.
– Алғашында бұл жай ғана қызық көрінгенімен, уақыт өте келе оның терең мәні мен тәрбиелік маңызы ашыла түсті. Садақ атуда ең бастысы – күш емес, тұрақтылық пен зейін. Нысанаға дәл тию үшін адам өз ойын жинақтап, әр қимылын нақты бақылауы керек. Сондықтан бұл спорт балалар мен жастарға өте пайдалы, – дейді жаттықтырушы.
Маманның сөзінше, садақ ату арқылы жастар шыдамдылыққа, тәртіпке және жауапкершілікке үйренеді. Әсіресе, қазіргі технология дәуірінде телефон мен әлеуметтік желіге көп уақыт бөлетін жас буын үшін бұл – бос уақытты тиімді өткізудің бір жолы.
Садақ ату спортының тағы бір ерекшелігі – оның ұлттық құндылықпен тығыз байланысында. Спортқа қызыққан Дәурен Теміртастың айтуынша, жаттығу барысында әр адам өз мүмкіндігін байқап, ішкі сенімін нығайта түседі. Алғашқы кезде садақты дұрыс ұстау мен жебені дәл жіберу қиын болғанымен, уақыт өте келе бұл процесс үлкен қызығушылық тудырады.
– Алғашында жай қызығып келдім. Бірақ уақыт өте келе бұл спорт маған қатты ұнады. Садақ ату маған сабыр сақтауды, асықпау керегін үйретті, – дейді үйірме қатысушысы.
Мамандардың пікірінше, егер ұлттық спорт түрлеріне қолдау күшейсе, садақ ату алдағы уақытта жастар арасында одан әрі танымал бола түседі. Бұл – салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жас буынның ұлттық болмысын нығайтатын маңызды бағыттардың бірі.
Авторы: Дәурен Теміртас