Павлодарда салық органдарында зейнеткерлерге кезексіз қызмет көрсетілуде

Павлодарда салық органдарында зейнеткерлерге кезексіз қызмет көрсетілуде
Фото: Константин Шелков

Оларға арнайы электронды кезек ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті азаматтардың ыңғайлылығын арттыру мақсатында жаңа бастама енгізді. Енді шаһардың қарт тұрғындары электронды кезек жүйесінде арнайы билет алып, кезексіз қызмет ала алады.

Бұрын барлық келушілер жалпы электронды кезекте тұрса, енді ардагерлер мен егде жастағы азаматтар үшін жеке санат енгізілді. Бұл жаңалық ағымдағы жылдың басынан бастап қолданысқа енді.

– Ол билеттер қызмет уақытымен шектелмейді. Азаматтар жеке тәртіппен қабылданады, – деді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Нұрболат Нұрахметов.

Сондай-ақ, кәсіби клиенттер үшін жеке «профи» билеттер бар, мұнда да қызмет көрсету уақыты шектеусіз. Ал өзге азаматтар үшін «универсалды билет» қарастырылған, оның қызмет көрсету уақыты 20 минуттан аспайды, орта есеппен әрбір келушіні қабылдау екі минутты құрастырады.

Орталықтарда келушілерге барлық жағдай жасалған: күту залдарына орындықтар қойылып, ақпараттық экрандар орнатылған. Мұның бәрі – халыққа жайлы және жылдам қызмет көрсетуге бағытталған қадам.

Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе қоғамның әлеуметтік әлсіз тобына қамқорлық көрсетіп қана қоймай, мемлекеттік қызмет сапасын да арттыруға ықпал етеді.