Павлодарда сайлау учаскелерінде арнайы трафареттер қолданылатын болады
Олар сайлаушылардың жеке деректерін қорғау үшін қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№29 референдум учаскелік комиссиясының төрағасы Ахмат Досмағамбетовтің айтуынша, М.Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасында орналасқан учаске референдум өткізуге толық дайын. Ақпараттық стендтер орнатылған, дауыс беру кабиналары жабдықталған, мүгедектігі бар адамдар үшін толық қолжетімділік қамтамасыз етілген. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін пандус пен бағыттаушы жолақтар қарастырылған.

Көру қабілеті төмен және мүлдем көрмейтін сайлаушылар үшін де арнайы жағдайлар жасалған. Стендтерде жаңа Конституция жобасының мәтіні орналастырылған, онымен танысуға болады, сондай-ақ учаскедегі тәртіп ережелері, комиссия мүшелерінің тізімі және қалалық қызметтердің нөмірлері көрсетілген.

– Учаскеде арнайы трафареттер қолданылады. Олар сайлаушыға тек өзінің тегі мен жеке деректерін ғана көруге мүмкіндік береді. Бұл жеке ақпаратты қорғау үшін жасалған, яғни сайлаушылар басқа азаматтардың деректерін көре алмайды, – деп түсіндірді ол.
Бұл учаскеге 1992 сайлаушы тіркелген. Үйде дауыс беру үшін екі өтініш түскен. Есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін жаңа Конституция жобасының мәтінін тыңдауға арналған құлаққаптар қарастырылған. Ал көру қабілеті төмен адамдарға мәтінді үлкейтіп оқу мүмкіндігі берілген.

– Учаскеде көру қабілеті төмен бір сайлаушы тіркелген. Онымен алдын ала әңгіме жүргізілді. Ол учаскеге анасымен бірге келуді жоспарлап отыр, – деді төраға.
Ахмат Досмағамбетовтің айтуынша, 15 наурыз күні комиссия жұмысты сағат 06:00-де бастайды, учаске дауыс беру үшін 07:00-де ашылады, ал дауыс беру 20:00-де аяқталады. Осыдан кейін учаске есігі жабылып, комиссия дауыстарды санауға кіріседі. Белгіленген уақыттан кеш келген сайлаушылар дауыс беруге жіберілмейді.