Павлодарда шетелдік оқу орнына түсіруге уәде берген кәсіпкер жауапқа тартылды

Павлодарда шетелдік оқу орнына түсіруге уәде берген кәсіпкер жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосы

Жергілікті тұрғын IELTS-қа дайындалу және шетелдік оқу орындарына түсу үшін жеке кәсіпкерге 990 000 теңге төлеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

 Алайда ол шартта көрсетілген қызметтерді ала алмаған.

Бұл туралы өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары хабарлады.

Тұтынушы IELTS халықаралық емтиханына дайындықты және шетелдік жоғары оқу орындарына түсуді толық сүйемелдеуді қамтитын қызметтер кешені үшін жеке кәсіпкерге төлем жүргізген. Бірақ іс жүзінде қызметтің бір бөлігі ғана, яғни 190 000 теңге сомасына ғана көрсетілген. Сондай-ақ төлем жүргізілген сәттен жеке кәсіпкер жаңа шарт ұсынған. Павлодарлық бұл шешіммен келіспей, салалық департаментке шағым түсірді.

Бұл дерек тексеру жүргізуге түрткі болды. Мәселе сотқа дейін жетті.

- ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 35-бабына сәйкес тұтынушы өз таңдауы бойынша талап етуге құқылы.  8-1-бапқа сүйенсек, тұтынушының құқықтарын шектейтін, мәселен, көрсетілмеген қызмет үшін ақшаны қайтармау туралы талаптар заңсыз деп танылады. Ал 35-бапта: «Егер қызмет сапасыз болса немесе мерзімінде орындалмаса, тұтынушы шартты бұзып, шығындарды өтеуді талап етуге құқылы» деп жазылған, - деп мәлімдеді мамандар. 

Тұрғынның өтініші негізінде мекеме мамандары үшінші тарап ретінде сот талқылауына қатысып, тұтынушыға жәрдем көрсеткен. 

Сот талқылауы барысында медиативтік келісім жасалған. Нәтижесінде кәсіпкер тұтынушыға 750 000 теңге көлемінде залалды өтеуге міндеттелді.

Бұған дейін мамандар сатып алынған әтір құнын қайтарғысы келген тұтунышының мәселесін шешуге көмектескен.