Павлодарда су құбырының тағы бір бөлігі жаңартылады
Гагарин көшесінен Қ.Нұркин көшесіне дейінгі 450 метр желіні ауыстыру жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС сумен жабдықтау желілерін жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Кәсіпорынның мәліметінше, жоба «Инвестицияға айырбастау тарифі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
Жоспар бойынша Гагарин көшесінен Қ.Нұркин көшесіне дейінгі учаскеде 450 метр су құбыры ауыстырылады. Жұмыстарды қараша айының ортасына дейін аяқтау көзделген.
– Жаңартылған желілер төтенше жағдайлар қаупін азайтуға, судың сапасын жақсартуға және көптеген жылдар бойы тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлады кәсіпорыннан.
«Павлодар-Водоканал» жаңғырту жұмыстары жалпы жүйенің сенімділігін арттыруға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Қыркүйекте осы аумақта жаңадан салынған су құбырын қолданыстағы желіге қосу жұмыстары жүргізіліп, Гагарин көшесі мен оған жақын бірнеше мекенжайда су уақытша өшірілген болатын.
Жалпы қаладағы су құбыры желілерін жаңарту мәселесі өзекті. Бұған дейін Павлодардағы су құбыры желілерінің ұзындығы 457 шақырымды құрайтыны және олардың тозу деңгейі 68 пайызға жеткені хабарланған.