Павлодарда су басу қаупі бар учаскелер тазартылуда
Қыста жеке сектор көшелерінен қар бір-ақ рет шығарылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.
- Шаһардағы қар тазалау жұмыстарының барысын тексердім. Қысқы кезеңде жеке сектор көшелерінен қар бір рет шығарылған болатын. Қарды қайта шығару жұмыстарын ұйымдастыру міндетін қойдым. Бұл жұмыстар жақын күндері басталады, - деді ол.
Қала әкімі жауапты мамандарға екінші Павлодар және Зеленстрой шағын аудандарында су тасқынына қарсы іс-шараларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Ең алдымен, тұрғын үйлер мен көшелерді су басудың алдын алу үшін су жиналуы ықтимал учаскелерді тазарту керектігі айтылды.
- Сонымен қатар, орамішілік аумақтарды тазалау жұмыстарын күшейтуді тапсырдым. Көктемгі кезеңде аулалар мен оларға апаратын жолдарды уақытылы әрі сапалы тазарту үшін жұмылдырылатын техника мен жұмысшылар саны артатын болады, - деді қала әкімі.
Айта кетелік, жұмыстардың іске асу барысы тікелей Хасар Хабылбековтың тұрақты бақылауында болады.