Павлодарда су тарифі тамыздан бастап қайта қаралады

Павлодарда су тарифі тамыздан бастап қайта қаралады
Фото: Константин Шелков

Павлодарда су тарифі 1 тамыздан бастап қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында ауыз су мен кәріз қызметтерінің тарифі 2026 жылғы 1 тамыздан бастап қайта қаралады. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу департаментінің баспасөз мәслихатында айтылды.

Бұған дейін департамент «Павлодар су арнасы» кәсіпорнының бес жылдық тарифін бекітуден бас тартқан. Кейін бұл мәселе сотта қаралып, сот тарифті қайта қарауды міндеттеген.

Департаменттің мәліметінше, қазіргі таңда кәсіпорынның 2025 жылы ұсынған тарифтік өтінімі қайта зерделеніп жатыр. Жаңа тариф 2025 жылғы деңгейден жоғары болмайды және тіпті төмендеуі де мүмкін.

Сонымен қатар ведомство кәсіпорынның департамент бекітпеген тарифті өз бетінше қолданғанын атап өтті. Соның салдарынан шамамен 1,3 миллиард теңге көлемінде артық табыс қалыптасқан. Бұл қаражат жаңа тарифті есептеу кезінде кәсіпорынның табысынан шегеріледі.

Департамент басшысы жылдың соңына дейін ауыз суға, техникалық суға және су бұру қызметіне тарифтің қымбаттамайтынын жеткізді.