Павлодарда түлектердің жұмыспен қамтылуы – сапалы білімнің айқын көрсеткіші

Павлодарда түлектердің жұмыспен қамтылуы – сапалы білімнің айқын көрсеткіші
Константин Шелковтың фотосы

Өңір бойынша соңғы үш жылда түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі еңбек нарығында бәсекелестік күннен-күнге артып келеді. Әрбір жас маман үшін тұрақты жұмысқа орналасу – басты мақсат, ал білім ордалары үшін түлектерінің еңбекке орналасу деңгейі  сапаның ең маңызды көрсеткіші болып саналады.

Өңірдегі соңғы жылдардағы көрсеткіштерге сүйенсек, түлектердің 90 пайыздан астамы тұрақты түрде жұмысқа орналасып келеді. Бұл кәсіби бағдар беру, білімді тәжірибемен ұштастыру және жұмыс берушілермен тиімді байланыс орнату бағытында жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

– Студенттердің кәсіби жолға бейімделуін қамтамасыз ету үшін бірқатар бағыттар тұрақты түрде жүзеге асырылады: Олар, мансап орталықтарының қызметі – түйіндеме жазу, сұхбатқа дайындық бойынша жеке және топтық консультациялар өткізіледі, кәсіптік практика – студенттерге нақты жұмыс жағдайына бейімделуге мүмкіндік береді, жұмыс жәрмеңкелері мен кездесулер – облыстық білім басқармасы, мектеп директорлары және кадр бөлімдерімен тікелей байланыс орнатылады, – деді Марғұлан университетінің мансап орталығы қызметкері. 

Мансап орталығы қызметкерінің, сонымен қатар облыстық білім басқармасымен жасалған меморандумдар ауылдық және қалалық мектептерде педагог кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын педагогикалық жәрмеңкелерде түлектер жұмыс берушілермен бетпе-бет кездесіп, жұмысқа жолдама алады.

– 2024 жылы мемлекеттік грант негізінде оқуын аяқтаған 556 түлектің ішінде: бакалавриатты тәмамдаған 464 адамның 86,9 пайызы, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейіндегі 92 түлектің 94,5 пайызы жұмысқа орналасқан, – деді мансап орталығы қызметкері.

Өңірдегі білім беру бағдарламалары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу үлесі жыл сайын шамамен 60–65 пайызды құрайды. Дегенмен 5–8 пайыз түлек жұмыссыздар қатарында қалып отыр. Ал жұмысқа орналасқан жас мамандардың 30–35 пайызы мамандығына сәйкес келмейтін салада еңбек етуде.

– Еңбек нарығында әсіресе техникалық және ауыл шаруашылығы салалары бойынша мамандарға сұраныс артып отыр. Атап айтқанда: металлургия, машина жасау, электр энергетикасы, көлік техникасы, логистика, автоматтандыру және басқару, жылу энергетикасы, ақпараттық жүйелер, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ветеринария, – деді Торайғыров университетінің мансап орталығы. 

Маманның айтуынша, жас мамандардың мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасуына кедергі болып отырған басты факторлар – төмен жалақы, еңбек жағдайының жеткіліксіздігі және әлеуметтік пакетке қатысты шектеулер. Сонымен қатар түлектердің таңдауы көбіне жұмыс орнының орналасуына, көлік қатынасына, мансаптық өсу мүмкіндігіне байланысты өзгеріп жатады.

– Жұмыспен қамту деңгейін арттыру үшін: түлектерді ақпараттық сүйемелдеу, онлайн және офлайн форматта бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыру, дуальды білім беру жүйесін дамыту, кәсіпорындармен ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде практикадан өткізу шаралары жүзеге асырылуда, – деді мансап орталығының қызметкері.

Жоғары жұмысқа орналасу көрсеткіші – білім беру сапасының, студенттердің табандылығы мен ұжымдық еңбектің нақты нәтижесі.