Павлодарда түнде ұлыған иттің иесіне айыппұл салынды
Ер адам полицияға қоңырау шалып, көршілерінің иті тыныштығын бұзатындығына шағымданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Малайсары батыр көшесіндегі үйдің тұрғындары да дәл осындай шағыммен қоңырау шалған. Түнде түнгі ауысымға жұмысқа кеткен көршісінің иті ұлып, маза бермеген.
Иттердің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 18 460 теңге көлемінде айыппұл салынды.
– Мәселені шешудің алғашқы қадамы – көршілермен ашық және достық әңгіме құру. Олар иттің үруі басқаларға қаншалықты кедергі келтіретінін түсінбеуі мүмкін. Сондықтан үй жануарларының иелерімен ортақ тіл табысуға тырысу керек. Үй жануарынан құтылуды талап етпейтініңізді, тек үнемі иттің үруін тоқтату үшін шаралар қабылдауды сұрайтыныңызды атап өту маңызды. Мысалы, итті тыныштық командаларына үйретуге кеңес беруге болады, – деді департаментте.
Дегенмен, егер мұндай әдіс еш нәтиже бермесе, 102 жедел арнасының нөмірін теріп, учаскелік полиция инспекторына жүгінуге болады.