Павлодарда түрме камераларын сындырған сотталушының жазасы ұзартылды

Бұл оқиғадан кейін ол қатаң тәртіпті мекемеге ауыстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қауіпсіздігі орташа №45 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталушылардың бірі белгіленген тәртіпті бұзу мақсатында бақылау бейне камераларын қасақана бұзған.
Мемлекеттік айыптаушы ҚР Қылмыстық кодексінің 428-бабының бірінші бөлігі бойынша сотталушының кінәсін дәлелдей алды.
Сот оны кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Нәтижесінде оның қамаудағы мерзімі ұзартылып, қатаң тәртіпті колонияға ауыстырылды.
– Ол тәртіпті бұзу үшін бейне камераны әдейі сындырды. Бұл қандай салдарға әкелетінін көрсету үшін сотталғандарға сот шешімін көрсеттік, – деді мекеме басшысының орынбасары, әділет майоры Дархан Нәжмиденов.
Бұған дейін ол тоғыз жылға сотталған болатын.